Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

4740 Жалпы жазба
193,320 Бірегей сөзформа (толық индекс)
4206 Құжаттың орташа ұзындығы
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 4740 жазба көрсетілуде

Қара өлең үлгілері

Домбырам екі ішекті қолға алайын, Шырқатып бір-екі ауыз ән салайын. Баласы текті айғырдың ат ұстайды, Мен не ғып бұл өмірде құр қалайын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Домбырам күйге келмес, бұрамаса, Кім білер кімнің жайын сұрамаса. Ер жігіт қанша тапса, суға кетер, Әйелі үйде отырып құрамаса.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Домбыра екі ішекті қолға алайын, Құрметіне балалар ән салайын. Жүйрік айғыр баласы ат ұстайды, Ол өнерден мен не ғып құр қалайын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Домбырамның бір күй бар пернесінде, Жел сөздің іркілейін мен несіне. Барында оралыңның ойна да күл, Мен кепіл өткен дәурен келмесіне.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Домбырам екі ішекті, мойны ырғай, Тартқанда бес саусағым кетер зырлай. Құрбылар, жастық шақта ойна да күл, Бұл дәурен кетері анық бір күн тұрмай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Домбырам екі ішекті қолға алайын, Қайырып он екі алуан ән салайын. «Нұр жауар талапты ерге» деген сөз бар, Мен неге бұл талаптан құр қалайын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Домбырам мен сөйлейін пернесіне, Жел сөздің ерінейін мен несіне. Сөйле деп бір Тәңірім тіл берген соң, Сөйлемей бола ма екен пендесіне.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Домбырам екі ішекті, бір тиекті, Оқиды білген адам әптиекті. Кеудемнен шыбын жаным шыққаннан соң, Қайда апар онда апарсаң қу сүйекті.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мінгесіп екеу-екеу қоян қусақ, Аялаған мақтадай етің жұмсақ. Төрт елі, екі қарыс төсек салсаң, Кең болмаса, тар болмас тату болсақ.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мінген атым астыма торы қасқа, Көргенім жоқ той бастап мұнан басқа. Той жасаған құдамыз мырза болсаң, Астыма ат, үстіме шапан таста.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мінгенім астымдағы ала құнан, Қыздардың жел соғады балағынан. Шашыңды ақ сабынмен күнде жусаң, Домалап түсер алтын тарағыңнан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мінгенім көш алдында құла тайым, Құйрығын құла тайдың шұбатайын. Түскенде сен есіме, қайран елім, Көңілді өлең айтып, жұбатайын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Құнан керім, тай керім, дөнен керім, Ою салып жасайды аттың ерін. Желдік салып, қос тартпа, тізгін ұстап, Табан тіреп отырсақ, болар керім.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Құнан керім, тай керім, дөнен керім, Үгіп-үгіп мінемін аттың терін. Көрмегелі көп айдың жүзі болды, Аман-есен жүрмісің, бұраң белім?!

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Әуеде ұшып жүрген ақ бөдене, Кейде толы, кейде орта ақ тегене. Осындайда, құрбыжан, ойна да күл, Өтіп жалған барады әттегене.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Әуеден ұшып жүрген жетім қарға, Жейтұғын жетім қарға етің бар ма? Өлеңді айт дегенде айта алмайтын, Басында жүрегіңнің дертің бар ма?

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Әуеде ұшып жүрген ала қарға, Берейік өлең айтып ағаларға. Бермесек өлең айтып ағаларға, Кетеді кінә қойып балаларға.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Әуеде бір жұлдыз бар айдан қалған, Қайқы мүйіз ақ серке қойдан қалған. Осы ауылдан бір жаман таба алмадым, Көн етігін кие алмай тойдан қалған.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Әуеде ұшып жүрген ақ сауысқан, Жыл он екі ай болғанда ай ауысқан. Оралыңның барында күл де ойна, Бұл жалғанның қызығын кім тауысқан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Әуеде ұшып жүрген қара қарға, Берейік өлең айтып ағаларға. Бермесек өлең айтып ағаларға, Кетеді бір мін тағып балаларға.

Жанр: Қара өлең
Алдыңғы 161 / 237 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды