Қара өлең үлгілері
Көшкенде жылқы айдаймын кер кекілмен, Ауық-ауық аймалар жел бетімнен. Көш жөнекей шырқатып ән салғанда, Қыз-келіншек шаттанып тербетілген.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Көшкенде жылқы айдаймын кер кекілмен, Ауық-ауық аймалар жел бетімнен. Көш жөнекей шырқатып ән салғанда, Қыз-келіншек шаттанып тербетілген.
Қара су есік алды шабағы бар, Жасының ат жүрмейтін қабағы бар. Барында оралыңның ойна да күл, Барады өтіп жалған заманың тар.
Қара суда қаймақ жоқ, мұз болмаса, Дәмі жоқ қой етінің тұз болмаса. Жолаушы алыс жерге жүре алмаймын, Біреуі жолдасымның қыз болмаса.
Қара таудың басында шынар едім, Басын тартсаң еппенен, сынар едім. Атағыңды сыртыңнан естіп жүрмін, Бір көруге өзіңді құмар едім.
Қаратаудың басынан соғар дауыл, Ерігемін қайтемін жалғыз ауыл. Қалқатайды келед деп естіген соң, Күндегіден көңілім бүгін тәуір.
Қараойда ма ауылың, боз талда ма, Қарай-қарай артыңа көз талды ма? Әй-ау десем, мойныңды бұрсаң қайтед, Шыныменен көңілің бек қалды ма?
Қара жер қыс болмаса, қар бола ма, Заманың осындайда тар бола ма? Қаншама күйдім, сүйдім десең дағы, Кісіге кісі жары жар бола ма?
Қара тайға жарасқан қара терлік, Жігітке жараспайды төтен ерлік. Жабыққан жамандардың ісі дейді, Көңілді өлең айтып көтерелік.
Қарасу ойылмайды мұз қатқанда, Шаңқобыз зарлы естілер қыз тартқанда. Буының, сірә, қалай босамайды, Өзіңе тең құрбы деп тіл қатқанда.
Қара үй тұрар қалқайып қарашада, Кисе киім, жарасар аласаға. Тапсаң тәуір өлеңнің тазасын айт, Тыңдап көңіл көтерсін бала-шаға.
Қаратаудың басында мұнарамын, Түбінде мұнараның тұра аламын. Жасымнан өлең айту дағдым еді, Айтуға енді өлеңді ұяламын.
Қаратаудың басында қиясы бар, Мал жемейтін бір шөптің миясы бар. Айт дегенде өлеңді іркілмеймін, Таңдайымда жел сөздің ұясы бар.
Қаратаудың басынан қарай жаттым, Қара айдарым беліме орай жаттым. Құрбылардан айырылған қиын екен, Жолаушыдан жол тосып сұрай жаттым.
Қара төбет қартайса қораға үрмес, Жиналып кемпір мен шал дәурен сүрмес. Ойнап-күл осындайда деп айтамыз, Жиырма бес бір өткен соң қайта келмес.
Ауылым құлап келеді Қызылжардан, Өлең айтқым келмейді қызынғаннан. Өлеңшіге сиынсаң, маған сиын, Өлең қиып берейін, қызыл талдан.
Ауылым Алатаудың кемерінде, Жас бала жылайды екен емерінде. Қолдаңыз бізге салған өлең болса, Сындырман өлеңменен беделіңді.
Аулымның қонған жері ой болса екен, Өріп шығар қарадан бой болса екен. Екі жастың тілеуін берген Құдай, Күнде осындай қуаныш, той болса екен.
Ауылым көшіп барады Боздалаға, Жақсы адамның соңында сөз қалады. Алыс жолдан аңсап бір келгенімде, Замандастың күлімдер қас-қабағы.
Ауылым тұрар желдің ызғарында, Сырғанақ тебуші едім мұз барында. Шаруадан бақыршылық қол тимей тұр, Сәлем де мына ауылдың қыздарына.
Ауылым қонған жері ой болса екен, Жайылған ойдан төмен қой болса екен. Тағдырдан сұрайтыны көпшіліктің, Бас қосар күнде осындай той болса екен.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды