Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

4983 Жалпы жазба
198,489 Бірегей сөзформа (толық индекс)
4095 Құжаттың орташа ұзындығы
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 4983 жазба көрсетілуде

Қара өлең үлгілері

Би болмас белін жалпақ буғанменен, Ағармас қас қараны жуғанменен. Білгенге ақыл басқа, ажар басқа, Не пайда өте әдемі туғанменен.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Сулық қайда, жігіттер, сұр шекпендей, Кей жігіттің мінезі тай тепкендей. Оралыңның барында ойна да күл, Жастық көңіл болады су сепкендей.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жақсы қандай, құрбылас, жаман қандай, Жүйрік қандай, ойлашы, шабан қандай? Жай білмейтін жаманмен болсаң жолдас, Қараңғы үйдің ішінде қамалғандай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қудым сені қара өлең бала жастан, Дүниенің аз-көбіне қарамастан. Оралыңның барында күліп-ойна, Не келіп, не кетпейді ғазиз бастан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Басына Қаратаудың қақ тұрмайды, Жігітті шалса қырсық, бақ тұрмайды. Басыңда бақыт-дәулет тұрған шақта, Алдына әркім-ақ кеп тақсырлайды.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Басында биік таудың жалғыз терек, Жігітке сыр шашпайтын жолдас керек. Дүние, ойлап тұрсаң, түпсіз дария, Батпайтын дарияға кеме керек.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Білімдіні несіне жек көрейік, Ақтан тауып, несіне жеп көрейік. Артық ақыл ойланып таба қалсаң, Алыспай-ақ біреуге тек берейік.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жігіт бол жігіт болсаң, тал жібектей, Жарамас қатты болу тікенектей. Білімің болса-дағы ұшан-теңіз, Не керек өз жұртыңа қызмет етпей.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Сән болмайды жүйрікке қамшылаған, Зәм-зәм артық дариядан тамшылаған. Отыз үйрек, қырық қаз алса дағы, Нәсілі артық сұңқардың қаршығадан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Тоқым салма жауырға, жалды екен деп, Жолдас болма жаманға малды екен деп. Сынса-дағы сырлы аяқ сыны кетпес, Күдер үзбе жақсыдан жарлы екен деп.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жапалақ жалпылдайды жар басында, Немене жоқтың күйі бар қасында. Дос болып, қас қылғаннан сақтағайсың, Қасқыр да қас қылмайды жолдасына.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Айда батпан жігітке, күнде батпан, Шаба алмаймын, толықсып жайдақ аттан. Жолдас болсаң, жігіттер, жақсымен бол, Сексеуілдің шоғындай жайнап жатқан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дәйім менің, мінгенім көк жал шабдар, Жануардың желісі шапқандай бар. Бір-екі ауыз жақсымен сөйлескенім, Құшақтасып жаманмен жатқандай бар.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Түбінде тобылғының торғай да бар, Жан сақтар ажал жетсе, жер қайда бар. Бір жақсы, бір жаманмен әрқайда бар, Қосылар екі жақсы күн қайда бар?

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Аспанда ай нұрланар толған сайын, Тәубасын пенде ұмытар, болған сайын. Ашу пышақ болғанда, ақыл таяқ, Таяғың кемімей ме жонған сайын?

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Үйір болдық жел сөзге жасымыздан, Жақсы болсақ, кім кетер қасымыздан. Құмға айдаған жылқының мұнарындай, Өмір өтіп барады басымыздан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жігіті біздің елдің сылқым сері, Күнде той ойын-күлкі жүрген жері. Асыр сап құлын-тайдай ойнақтаған, Әркімнің өзіне ыстық туған жері.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өткен заман қай заман, жылан заман, Жылан шағып, халық жоқ жыламаған. Боз інгеннің бәрі жеп боташығын, Ер жігітке мал мен бас құралмаған.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Біздің заман қай заман, жақұт заман, Еңбекшіге әперген бақыт заман. Құлшылықтың құтылып бұғауынан, Айға ұмтылып биікке бастық қадам.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Бір бешпентім үстімде қара мақпал, Оны қиған қайшыны ана мақтар. Дүниенің қызығы ойнап-күлген, Төрт бұрышын әлемнің аралап қал.

Жанр: Қара өлең
Алдыңғы 187 / 250 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды