Қара өлең үлгілері
Біздің ауыл жоғары Сыр болады, Көп тағылса қалампыр, кір болады. Тіршілікте жүрейік сіз-біз десіп, Дәурен екі болмайды, бір болады.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Біздің ауыл жоғары Сыр болады, Көп тағылса қалампыр, кір болады. Тіршілікте жүрейік сіз-біз десіп, Дәурен екі болмайды, бір болады.
Арғымақ алыс жүрмес талған сайын, Жуан ағаш кемиді жарған сайын. Асырауын кем қылсаң хас жүйріктің, Шабысы бәсең тартар барған сайын.
Жаз жайлауға көшеді ел арбамен, Ішім толып жүреді арманменен. Жеңілдер ме тағдырдың артқан жүгі, Өмірді өлең етіп салғанменен.
Керегенің басында оймақ тұрар, Кедейшілік жігітке қой бақтырар. Алған жары жігіттің жақсы болса, Атын байлап, алдынан ойнап шығар.
Қусам да жеткізбейді арман дүние, Бұрынғы ата-анадан қалған дүние! Барында оралыңның ойна да күл, Бір күні артта қалар жалған дүние!
Арыстаннан өлген соң, тышқан артық, Есер достан зиялы дұшпан артық. Кей жаманның қолына гауhар түссе, Қоя алмайды бағасын мыстан артық.
Қаратаудың басында бұлт болмас, Ақ қалайы сандықта кілт болмас. Кішкентайдан бірге өскен қимас қалқам, Төбем көкке жеткенмен ұмыт болмас.
Әуеде ұшқан бүркіт қалықтайды, Сүймеген жар жолдасын жарытпайды. Сүйген жармен өмірлік жолдас болсаң, Өлгеніңше сол шіркін, налытпайды.
Ат көркем көрінеді тұрманменен, Дүние жеткізбейді қуғанменен. Ақ көйлек, адал ниет кір шалған соң, Не керек, су кетірмес жуғанменен.
Алқызыл көрінеді қашқан түлкі, Жігіттің қайда қалмас, жиған мүлкі. Жігіттер, осындайда ойна да күл, О дүниеде жоқ дейді ойын-күлкі.
Ат туар, айғыр салсам ақ құладан, Не пайда үйінде жоқ ақ құбадан? Барында тіршіліктің ойна да күл, Барады дүние жалған шапқылаған!
Кеш болса кең далада тарғақ ұшар, Адасып ұясынан зарлап ұшар. Баулысаң кей жаманды кішкентайдан, Ақтамай үмітіңді жардан ұшар.
Өлең қайдан шығады, сөз болмаса, Кім жетелеп жүреді, көз болмаса! Бұл жалғанның қызығы болар ма еді, Сегіз қырлы жігіт пен қыз болмаса?
Өткен күн, ойлап тұрсаң, белгісіз ғой, Қол бұлғап шақырғанмен келгісіз ғой. Жолдас болсаң, жігіттер, жақсымен бол, Бір сөзі мың ділдаға бергісіз ғой.
Жігіттер, өткен күнде белгі бар ма? Адамзат жақсылыққа мәңгі зар да! Жаманға жазатайым жолдас болсаң, Бір күні алып барып жығар жарға.
Байқаймын, өткен күннің белгісі жоқ, Айналып, екі қайтып келгісі жоқ. Жолдас болсаң, жігіттер, жақсымен бол, Жаманға жақсы жанды бергісі жоқ.
Жігіттер, бар да аспанда, жоқ та аспанда, Қарайды жан-жағына ер сасқанда. Жел сөзді ел құмартқан аяйын ба, Жиналып, өңшең жақсы бас қосқанда.
Көшкенде жылқы айдаймын торыменен, Жігіттің жолдас болма қорыменен. Сөз айтсаң кей жаманға, қорқытады, Бопсалап қолыңдағы жоғыменен.
Өнерге білім білген жеткізеді, Дариядан кеме, қайық өткізеді. Жақсымен әуелде бір жолдас болсаң, Бойыңа бір қасиет біткізеді.
Жұлдыз жоқ түнде жарық айдан жақсы, Қара су сусағанда, шайдан жақсы. Надандар ойын сөзді кек көреді, Көтерер ел көңілін қайран жақсы.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды