Қара өлең үлгілері
Аяғыма кигенім орыс етік, Жабығыңнан түсейін торс етіп. Жайды білмес жаманға бір сөз айтсаң, Теріс қарар бұртиып қорс етіп.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Аяғыма кигенім орыс етік, Жабығыңнан түсейін торс етіп. Жайды білмес жаманға бір сөз айтсаң, Теріс қарар бұртиып қорс етіп.
Құлболдының қара шаңырағы Мамиттың кенжесі батыр Барменнің Бәрменінде болып, оның кенжесі Сары байдікі болған. Кешегі Мұса Секербай заманындағы ата атанған. Жақсылар «қара шаңырақ» деп сол үйді атап жүретұғын. Ол Сарыбайдың бәйбішесі – Қарашаш бәйбіше Қарауыл Сарының қызы еді. Шоқубай Тасбектің Тасбикемен бірге барып,...
Аяғыма кигенім былғары етік, Табанымнан барады ызғар өтіп. Жақсы болсаң, келерсің судан өтіп, Жаман болсаң, өлерсің суға кетіп.
Бәйбішеден – Қарқымбай. Жанай – екінші алған қатыннан жалғыз. Екі қатыннан «Екі жалғыз» атанған. Қарқымбайдың қатыны бала көтермей бедірейіп, қалшиып тұрып алыпты. Бір күні Қарқымбай қасында тізелесіп отырған қатынын: – Сен бала таппайтұғын немені біржолата жоқ қылайын, – деп, пышағымен періп қалғанда, пышақ қатынның қ...
Көкекті кім мақтайды әні бар деп, Мияны кім орады дәні бар деп. Болмайды қашыр тұлпар баптағанмен, Шошқаны кім сипайды жануар деп.
Сағыздың астығы жоқ шайнағанмен, Қу тілдің пайдасы жоқ сайрағанмен. Көнбейді жаман адам ынтымаққа, Жүрмейді шошқа жөнге айдағанмен.
Қазақ орысқа ең алғаш қарағанда Ибан Сменыш деген Бөлкебай келіп, Баянауылдан қала салдырып, дуан аузын ашқанда дуанбасы болыс сайлаған. Сонда Қанжығалы ойдағысы, қырдағысы өз алдына бір болыс болып жолға байлаған. «Жолмаған байлағандарың рас болса, мен Әжіке Дәненнің Дәненіне бердім», – деген. «Дәнен күндердің күнінде...
Қазақтың қария сөзінде Орта жүз Арғынның Ергүл есімді бәйбішесі ақылына көркі сай, оған қоса адуынды адам болыпты. Келін болып түскен соң Арғыннан Тоты есімді бір қыз, Мейрам (Мейрамсопы) есімді бұл ұл көріп, баладан тоқтап қалса керек. Содан, «Тәңірдің берейін десе, рақымы мол ғой!» – деп, біраз жыл күтеді, бірақ бала...
Атбасарға жер ауып барған бір қария: «Бәсентинмін, Қызылағаш болысынікімін», – дейді. Баласы қасында, дұрыс ескі сөз білетұғын кәрі құлақ қария екен. Ол сөйледі: – Биыл оған он тоғыз жыл болды. Бөрі – Бәсентин Есенаман байдың әз аты, – дейді. Есен-аман әз атын шығарған толық бай кісі екен. Жалғыз баласы Ботасқа енші бе...
«Бәсентин ішінде Бұқа-Күбір» дейді. Бұқа-Күбір кім (нің) баласы десең, әкесінің атын жан білмейді. Көзімен көріп, қолынан туғызып алған ешкім жоқ. Айтушылардың айтуы – бұрынғы заманда Бұхар, Қоқан хандарының біреуінікі, Татарбай деген құл екен. Тамақ араластырушы болған деседі. Қазынаға қиянаты білінген соң, «елге, жұр...
Көп Арғынның жолаушылары келе жатып, он екі жасар бір бала тауып алады. Бәсентиінге байлайды. Сөйтсе, ол бала: – Қожант шаһарыныкімін, хан баласын ойнатып жүрген балалар едік, ортамыздан хан баласы суға кетті. Сонан соң: «Барсақ, бізді хан өлтіреді ғой!» – деп, тоз-тоз болып жонға қашып шығып кеттік. Түбі-тегім түрікпе...
Тілеулі өз ұлы Кернейді ерте аяқтандырған екен. Кіші жүз Сәһар Құйған бидің бәйбішесінен туған Айша деген қызын алып беріпті. Той үстінде Қоныштағай ағалары Тілеуліге өкпе артыпты «жол ағанікі еді» деп. «Бізге інілікке жараған Сұраулы саған ағалыққа жарамады ма?» деп ауыр сөз айтады. Енді Тілеулі сасады, ағаларының уәж...
Сұраулыдан көпке дейін бала болмай жүреді. Жаугершілік заманы болғандықтан Тілеулі де салтаң жүріп алыпты. Осыдан барып Бораншы бабамыз сынық жүреді. «Тілеулі бас құрап, дүниеге ер бала келгенде біз де ұран отын жағамыз, кернейлетіп абадан байрағымызды көтереміз», – деп баланың атын ырымдап Керней қояды. Көп ұзамай Сұр...
Тәңірімбердінің бәйбішесі Бибі баладан ерте тоқтап қалыпты. Оған Тәңірімбердіден үш бала: Дүзей, Есенаман, Наурызымбет бұйырады. Бибінің ойында: «Керней жуан ата болып өсіп келеді, біздің балалардың ертеңі не болар екен?» – деген ой жүреді. Сол тұста апасын іздеп Бәтима сіңілісі келе қалады. Сөйтіп, жездесінің үйінде е...
Ұшады қыран бүркіт қыр айналып, Кетпейді түлкі көрсе, шыр айналып. Жамандық арқандаулы ат секілді, Қазығын таппай қоймас бір айналып.
Қара су, жақсы берсе, шайдан жақсы, Қара нан, жақсы берсе, майдан жақсы. Жаманға назыңды айтсаң, тоңқ етеді, Қараған қабағыңа қайран жақсы.
Бәйбішеден Тарақты жалғыз екен. Ортаншы әйелден: Алтай, Қарпық, Шаншар, Бошан, Қостанай, Торғай – осы алтыұл туыпты. Кіші әйелден Шор жалғыз екен. Шор әрі батыр, әріби болған қара кісі екен, «Қаракесек» атаныпты. Өсіп-өнген ел болғандықтан «Қаракесек – Шормыз, бір Құдайдан өзгеден зормыз» десетін сөздері болған екен.
Төменгі түлкі қақтым шаң қамыстан, Созылып қара тазым жетті алыстан. Жақсының жүрген жері күнде қызық, Жаманнан өкпе мен тек кек қалысқан.
Сен маған арман болдың жырақтаған, Дос көріп енді кімге сыр ақтарам. Жапанда жалғыз бас боп қалған артық, Жаманға жар болғанша ұнатпаған.
Қалайы қанша жисаң, күміс болмас, Жақсылыққа жамандық қылған оңбас. Жаманға жазатайым бітсе дәулет, Шалқақтап ішпей-жемей болады мас.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды