Қара өлең үлгілері
Ерте айтып қояйын айтарымды, Сәйкес болсын өлеңің қайтарымды. Айтып қылған айып жоқ ұрлықты да, Қағып алам, мүлт кетсең, сайтаныңды.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Ерте айтып қояйын айтарымды, Сәйкес болсын өлеңің қайтарымды. Айтып қылған айып жоқ ұрлықты да, Қағып алам, мүлт кетсең, сайтаныңды.
Бастағам шу дегенде-ақ өлеңімді, Көрсетіп төкпе ақындық өнерімді. Қаңбақтай құйын соққан дөңгелетем, Сездіріп алдын ала өлеріңді.
Беліме қамар белбеу буынамын, Бетімді Гүлжиһанмен жуынамын. Жыныма тисең, қызыл өңешіңді Қолқаңмен қосып бірге суырамын.
Ауылымның жайлауы Қызылшоқы, Басылмайды күзде де жердің оты. Айтысамын дегенше, алдыменен, Қара өлеңнен менен ассаң, сабақ оқы.
Басы еді өлеңімнің айым-қайым, Бітеді саздау жерге тал мен қайың. Отырсаң жеңемін деп желдей есіп, Апшыңды ақ бидайдай қуырайын.
Өлеңнен жанмын мен жаратылған, Толғатып мені өлеңші ана туған. Өлеңмен кіндігім бір, жолдас етіп Өлеңді өмірге мен ала туғам.
Мен өзім жұрт ішінде қаршадаймын, Жайылған жалқы ішінде наршадаймын. Екі той қатарынан болса дағы, Айтудан қара өлеңді шаршамаймын.
Өлеңді айт дегенде аянбаймын, Жағымды жамандарша таянбаймын. Үлкендер айт деп өлең өтінгенде, Жетекшіл қара нардай аяңдаймын.
Алма болсын тергені, өрік болсын, Бауы туған сәбидің берік болсын. Ата-ананың үмітін ақтап өсіп, Іні-қарындастары серік болсын.
Екі ауылдың ортасы мидай дала, Осы үйде туылыпты бір жас бала. Мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамыз, Ағайынның үйінде шілдехана.
Ұстағаным қолыма алтын жүзік, Ақ сұңқарды ұшырдым талпындырып. Бас қосқанда өлеңді біз айтайық, Бұрынғы ата-бабаның салтын құрып.
Үлкені ауылымның Қожамерген, Құр дауыс неге керек соза берген. Баласы ұшқан құстың мен қазанат, Артымнан айқай шықса, оза берген.
Айт дегенде өлеңді аяу бар ма, Шебер соққан қанжарды қаяу бар ма. Тәуір сайлап тартымды өлеңіңді айт, Назарыңды мен жаққа жәй аударма.
Өлең десе ұршықтай зырлаушы едім, Жамандарға мойнымды бұрмаушы едім. Көңілімдегі әріптес кез келгенде, Қоя бермей өлеңді тұрмаушы едім.
Үсті-үстіне өлеңді үстеуші едім, Тоят алмай тұғырдан түспеуші едім. Теңбіл көктің баласы затым тұлпар, Су тұнығын таңдамай ішпеуші едім.
Дауысым ән дегенде бөгеледі, Сәлден соң аспанға өрлеп жөнеледі. Жастықта жалын атып ойна да күл, Қолыңнан қартайғанда не келеді.
Бөктерде жылқым жатыр Қыдыр баққан, Бешпетім үстімдегі көк драптан. Осындай ойын-тойда ән салғанда, Даусыңнан айналайын сылдыр қаққан.
Мінген атым астымда құла жорға, Сол жорғаның тізгінін тарттым зорға. Өнеріңмен еліңе танылмасаң, Ауылыңа шақырып әуре болма.
Жылқым жатыр өзеннің жағасында, Ауылыма шақырсам барасың ба? Шақырғанда ауылыма бара қалсаң, Серік болып қасымда қаласың ба?
Бетің аппақ, қалқатай, қар секілді, Байқағанға зейінің бар секілді. Арындатып айта түс өлеңіңді, Татып барад таңдайға бал секілді.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды