Қара өлең үлгілері
Бойында қарасудың долана екен, Бұлбұл құс доланаға қона ма екен. Көпшілік өлең айт деп қолқаласа, Осынша бәлсінуге бола ма екен.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Бойында қарасудың долана екен, Бұлбұл құс доланаға қона ма екен. Көпшілік өлең айт деп қолқаласа, Осынша бәлсінуге бола ма екен.
Бардым да қарасуға қармақ салдым, Әнімді қалқатайға арнап салдым. Ән бастап бір-екі ауыз айтқаннан соң, Қостар деп қос қалқаға салмақ салдым.
Қарасу жағалауы қайың екен, Қайыңнан құрық алсам, дайын екен. Үлкендер өлең айт деп қолқаласа, Жастарға айтпай қою айып екен.
Немене өлең деген жел емес пе, Алқымың астырмайтын бел емес пе. Отырған гүл-гүл жайнап сұлу қыздар, Өтімін өлеңіңнің елемес пе.
Орнын таппай албаты ән салмаймын, Ән салғанда алдыма жан салмаймын. Айызын тыңдаушының қандырып ап, Бәйгеден келген кердей алшаңдаймын.
Не десең де көнемін кеңесіңе, Ән салғанда түсесің сен есіме. Өзіңе айтпай өлеңді, кімге айтамын, Айтып жүрдім көрмей-ақ елесіңе.
Өлеңді баста десе, бастайық та, Аққудай еркін жүзген Ақжайықта. Өлеңмен осы тойды біздер бастап, Көңілді бір көтеріп тастайық та.
Өлеңді білген адам төкпелейді, Кетпесін сөзім зая текке дейді. Берейік өлең айтып үлкендерге, Үлкендер, тіл алмасақ, өкпелейді.
Қайыңда бар ақ қайың, қызыл қайың, Жылқы баққан біледі жердің жайын. Бізге салған қолқаңыз өлең болса, Аярым жоқ өзіңнен тілдің майын.
Өлеңге он жасымнан болдым батыл, Қолыма дөңгелентіп алдым шатыр. Өлеңді талай тойда айтсам дағы, Қолдай көр қолтығымнан, Ғали батыр.
Торы аттың кесте тіктім тоқымына, Арпаның ат семірттім тоқымына. Үйренген үлкендердің өлеңім бар, Өлеңнің бармасам да оқуына.
Таусылмас айта берсем қара өлеңім, Жететін талай тойға бар өлеңім. Жабырқаған жандарды жадыратқан, Дертін жазған талайдың дәрі өлеңім.
Үстімде жаңа киген бар камзолым, Жат ел жоқ жасқанатын бәрі өз елім. Алдында ағалардың ән шырқасам, Ашылар айтқан сайын сары өзегім.
Үстімде бір бешпетім нақ асылдан, Киеді нақ асылды бағы ашылған. Тықыршып өлең десе тұра алмаймын Жүйріктей көрмедегі таң асырған.
Ұршығым қолымдағы қорғасыннан, Өлеңге құмар болдым он жасымнан. Сіз үшін өлең айтқым келіп отыр, Мейлі, сөз естісем де жолдасымнан.
Қара өлең, сиынамын құдіретіңе, Қайраңдап балық шығар су бетіне. Өлеңді ақындықпен мен айтпаймын, Айтамын көпшіліктің құрметіне.
Жас кезде сүйенесің аяғыңа, Қартайсаң жалынасың таяғыңа. Таусылмас қанша айтсам да думан-тойда Үйренген қара өлеңім баяғыда.
Кигенім аяғыма қос табанды, Қалқатай, ұнатамын қостағанды. Әріптес, кел екеуміз айтысайық, Тыңдаған риза етіп дос-жаранды.
Көгершін жүрген жері түйе мойнақ, Ұлардың қонған жері болады ойнақ. Осындай жиын-тойда бас қосқанда, Азырақ ән салайық күліп-ойнап.
Айт десе қара өлеңді, тарынбаймын, Қара өлең айтқан сайын арындаймын. Мыңғырған төрт түлігі жерге сыймай, Малындай қара өлеңім Қарынбайдың.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды