Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

4667 Жалпы жазба
189,330 Бірегей сөзформа (толық индекс)
4102 Құжаттың орташа ұзындығы
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 4667 жазба көрсетілуде

Қара өлең үлгілері

Құлагермен ауылыңа аяңдайын, Жүрек сырын өзіңе баяндайын. Ұға алмасаң жүректің бал ләззатын, Жан сәулем деп айтудан аялдайын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Алтын ерді көтеріп атқа салдым, Атыңды атап, жан сәулем, хатқа салдым. Жатсам ұйқым келмейді, тұрсам күлкім, Бір сен үшін жанымды отқа салдым.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Нұр дидарың, қалқатай, жаннан артық, Болдым ғашық сыртыңнан, мен құмартып. Сіз сары алтын болғанда, мен болатпын, Лебізіңмен алсаңшы мені тартып.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Алтын шашың жақсы екен тарақтауға, Бала сұңқар көнбейді балақтауға. Ортасында мұхиттың сіз бәйтерек, Мен келдім бұтағына қонақтауға.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Күрең жалды ат дегенде, күрең жалды ат, Сахарада ойнайды өңкей саңлақ. Алыстан жүзіп келген мен ақ сазан, Сен болсаң іліп түсер алтын балдақ.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қыз емес, қыздың аты гүл емес пе, Бір нәрсе қыздан жігіт тілемес пе. Болғанда жігіт бұлбұл, қыз қызыл гүл, Бұлбұл кеп қызыл гүлге түнемес пе.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ақ маңдай, нұрың қызыл, қара қасың, Ақ саусақ ұзын біткен қолаң шашың. Серт берген ауызынан жан серігім, Дерт болды сен жоқ жерде ішкен асым.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Бұлбұлдың даусы жақсы сайрағанда, Тарантас қозғалады майлағанда. Өтпейді ішкен асым тамағымнан, Қалқатай не болар деп ойлағанда.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Басылмас қартайғанша жастық серпін, Жасымнан еркеледім емін-еркін. Келмейді тұрсам күлкім, жатсам ұйқым, Сіңірмес ішкен асты сенің дертің.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дауысың қоңыр қаздың дауысындай, Беліңнің нәзіктігі қауырсындай. Қиядан түлеп ұшқан қыран едім, Қонақ қыл мекеніңе ауырсынбай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ат міндім жалын түйіп кер аладан, Көрінер ауылың алыс жер даладан. Кеткенде ауылың шалғай, ей, қарағым, Жетер ме, айтсам сәлем бір баладан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мен шақырдым, келсең кел ауылыңа, Жіберейін бір сипап сауырыңа. Ақ білекті мойныңа арта салсам, Болып жүрме тигендей жауырыңа.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ән салған екеу едік отардағы, Ет асып бер көжеңді қотар-дағы. Мойныңды боз жорға аттай бұрып салған, Қайтейін қылығыңды жатардағы.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Хат жаздым қалам алып, шырағым-ай, Лебізің таудың таза бұлағындай. Көзіме көрінесің жарқ-жұрқ етіп, Киіктің қырда ойнаған лағындай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Досқа да тарынады жамандаса, Ашықты машық іздер хабарласа. Жасымнан жаным сүйген сәулем едің, Тұсыңнан тағы келдім амандаса.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Басынан құламаның құлай жаттым, Өзіңді көрінгеннен сұрай жаттым. Көз көрген құрбым еді бір келер деп, Төрт болып екі көзім сынай жаттым.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Алыста жүр ауылың, жуықта жүр, Жауайын деп ақша қар бұлттап жүр. Кішкентайдан бірге өскен, ей, қалқатай, Бір өзімнің көңілімді суытпай жүр.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Күміс—қасың болғанда, алтын—шашың, Қаламменен сызғандай қиғаш қасың. Мұндай сымбат тұрғанда бір өзіңде, Жабыттамай ауылыңды кім шыдасын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Белің нәзік, қалқатай, шыбық талдай, Қырғи қабақ, жауһар көз, тілің балдай. Сені көріп, еш тағат қыла алмадым, Өлең қылдым түріңді шыдай алмай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ақ үйден шыға келдің айдай болып, Жылқыда қысыр емген тайдай болып. Кетесің, қолым тисе, былқ-сылқ етіп, Қарынға жаңа салған майдай болып.

Жанр: Қара өлең
Алдыңғы 129 / 234 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды