Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

4667 Жалпы жазба
189,330 Бірегей сөзформа (толық индекс)
4102 Құжаттың орташа ұзындығы
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 4667 жазба көрсетілуде

Қара өлең үлгілері

Айтайын жұмбақтамай сөзді ашық, Өзіңді бір көргенде болдым ғашық. Көрмеймін күндіз күлкі, түнде ұйқы, Барады күннен-күнге қайғым асып.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қайғысыз ғазиз жүрек зарламайды, Шын ғашық бірін-бірі алдамайды. Қара тас, ұйқың келсе, болар мамық, Ғашықтық сұлулықты талғамайды.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жалғыз ағаш жапанда егіледі, Жапырағы, жел соқса, төгіледі. Сен түскенде есіме сүйген сәулем, Сынбаса да, қабырғам сөгіледі.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қараймын қарайғанға қабан ба деп, Атымды қамшылаймын шабан ба деп. Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де, Ауылы қалқатайдың аман ба деп.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мен едім ерте тұрып қозы ағытқан, Сен едің ақ боз атпен орағытқан. Түскенде сен есіме, ерке сәулем, Көл болып көздің жасы сорағытқан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ақ қандай, қызыл қандай, жасыл қандай, Сөз сөйле көңіл кірі ашылғандай. Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің, Көңілім сені көрсем басылғандай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Кигенім аяғыма кебіс-мәсі, Күлмеген, ойнамаған көңіл қасы. Кеткенде ауылың алыс, беу, қарағым, Көл болды омырауға көздің жасы.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ақ тісім аузымдағы маржан тісім, Өзіңсің душар болып сүйген кісім. Сүйген кісім сүйкеніп өте шықса, Қатты от жаққан қазандай қайнайды ішім.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ары өтейін аулыңнан, бері өтейін, Ақ алмасын арудың тере өтейін. Шын пейілің, шын көңілің менде болса, Алтын қобыз қолға алып әндетейін.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ақша қарда жорытқан қояндайсың, Шөп-шөп сүйсем бетіңнен, оянбайсың. Екі көзің күн нұры жарқыраған, Қандай жанға өмірлік баяндайсың.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жан жүректің серігі өлең деген, Өлең десе құлағым елеңдеген. Сен дегенде көңілім жай таппайды, Сертің қайда кешегі келем деген.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жібек шашың желпілдер тарағанда, Жорға сұлу көрінер жарағанда. Жерден алтын тапқандай қуанамын, Езу тартып күлімдеп қарағанда.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Есік алды қара су балғын көл-ді, Балғын көлдің балығын алғым келді. Кішкентайдан бірге өскен сәулем едің, Аттандырған жеріңе барғым келді.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Баян таудың басында нар кескенім, Тал шыбықтай бұралып бірге өскенім. Бағаласам, бағаңа жан жетпейді, Шекер шайнап, қолымнан бал жескенім.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Аттың бәрі тумайды бурылдай боп, Тату өскен бар ма екен құрбыдай боп. Мен қалқаны сағынып жүргенімде, Даусы қайдан шығады бұлбұлдай боп.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Алыс жүрсең, аңсаймын, құрбым, сізді, Сіз де ұмытпай жүрерсің, әттең, бізді. Тай-құлындай айқасып ойнақ салған, Есіме алып жүремін өткен күзді.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Желісіне жел жетпес киігім-ай, Ай жүзіне қол жетпес биігім-ай. Бір жаманға қор болып кете ме деп, Қу ішімнің өртеніп күюін-ай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Баға жетпес жақсыға бір гауһартас, Он алты, он жетіге келгенде жас. Сынығындай алтынның қарағым-ай, Көрген сайын болады көңілім мас.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қатар ұшқан қаз едің қаңқылдаған, Көлге қонып, самалда саңқылдаған. Ауылың шалғай кеткенде, беу, қалқатай, Сағындым ғой жүзіңді жарқылдаған!

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ішінде ну орманның сен бір талсың, Аяққа құйып қойған шекер-балсың. Бағаңа, бағаласам, жан жетпейді, Басқадан артық туған неткен жансың.

Жанр: Қара өлең
Алдыңғы 128 / 234 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды