Қара өлең үлгілері
Дұрысы қой ішінде ісек-тұсақ, Туралса, қойдың еті болады ұсақ. Атасы атамыздың өлеңші екен, Болайық біз де өлеңші солар құсап.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Дұрысы қой ішінде ісек-тұсақ, Туралса, қойдың еті болады ұсақ. Атасы атамыздың өлеңші екен, Болайық біз де өлеңші солар құсап.
Сөйлей бер, қызыл тілім, сен де өлерсің, Жібіндей машинаның дөңгелерсің. Барында тіршіліктің ойна да күл, Киіп ап ақ көйлекті жөнелерсің.
Сөйлей бер, қызыл тілім, жақ барында, Басында таудай талап, бақ барында. Барында оралыңның ойна да күл, Тәңірім өзі білер сақтарын да.
Естен кетпес етікпен су кешкенім, Жауқазындай жадырап бірге өскенім. Жаманменен сан ойнап, сан күлгенім, Өзіңменен бір ауыз тілдескенім.
Жаным-ау, қайын сіңер, қайын сіңер, Қайрылып қара інгенді тайлақ емер. Бас қосып өңшең жақсы отырғанда, Жаман адам ортаға қайтіп сіңер.
Сары маңыз, жаным-ау, сары маңыз, Сарғайып сары майдай қалар аңыз. Көпшілік, қоштасқалы келіп едік, Көргенше, көріскенше арымаңыз.
Буындым белбеу алып белім үшін, Мал түсер барымтаға елім үшін. Артыңнан ар ма десем қарамайсың, Кетейін өлең айтып көңілің үшін.
Екі ауылдың ортасы қамыс-пішен, Қу жаманнан, дүние-ай, қашан кетем. Қу жаманнан, дүние-ай, кетер едім, Аяғыма сен болдың алмас кісен.
Дүние өтіп жатыр құмай Құдай, Ақ бетке ажар кірмес сүтпен жумай. Бірге өскен құрбы-құрдас жүрсің қайда? Қанатын қайшылаған аппақ қудай.
Бойдай тал-ай, шіркін-ай, болған басым, Боз биенің сүтіне жуған шашым. Қыз да болса біреудің еркесі едім, Енді кімге қор болдың әзіз басым.
Қарағым, айналайын, өкпем деймін, Естісем жаман атың өкпелеймін. Осыдан бірге жүріп кетсең бөлек, Сағыныш басылмайды көпке дейін.
Тауып алдым аққудың жұмыртқасын, Менен сәлем айта бар ұмытпасын. Бірге өткізген күндерді есіне алып, Менен басқа ешкімді жуытпасын.
Ана беттен жол еді мына бетке, Сөйлеспедім өзіңмен шығып шетке. Қайсыбірін айтайын, ай-ау, сәулем, Енді кетіп барасың тұрмай сертке.
Ақ қалады, ендеше, ақ қалады, Аттың басқан жерінде дақ қалады. Оралыңның барында ойна да күл, Өлгеннен соң саудырап жақ қалады.
Білте бермен, тағы да, білте бермен, Қолаң қара шашың бар күлтеленген. Көмекейің көсілген ақын болсаң, Қара дауыл өлеңді сілте бермен.
Ұлы жұртты жағалай тал болады, Ашылмаса көңілім, дал болады. Қасіретті қайғысы басқа түссе, Айдын көлге үйрек-қаз зар болады.
Қазығұртты жағалай тас болады, Шын азамат үйіне бас болады. Көрінгенмен жылтырап сыртым бүтін, Ішім жанып, көзіме жас толады.
Мен айтайын сөзімді өлең етіп, Өмір сүрсін жас ұрпақ көлеңдетіп. Бас қосқаны қауымның той емес пе, Отырайық бәлсінбей өлеңдетіп.
Жолықсаң біздің жақтың тентегіне, Өмірдің қарамайды келтеңіне. Қонаққа жалғыз атын сойып беріп, Жүген ұстап қалады ертеңіне.
Жолаушы жолға шығар қосыменен, Шөлдесе, шай қайнатар мосыменен. Осы үйде таң атқанша ән шырқадық, Әнімді тоқтатайын осыменен.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды