Қара өлең үлгілері
Айта берсе өлеңді зырлаушы едім, Жаман іске мойнымды бұрмаушы едім. Теңбіл көктің баласы қаз мойынмын, Айқай шықса, жер тарпып тұрмаушы едім.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Айта берсе өлеңді зырлаушы едім, Жаман іске мойнымды бұрмаушы едім. Теңбіл көктің баласы қаз мойынмын, Айқай шықса, жер тарпып тұрмаушы едім.
Қызыл қашар дегенде, қызыл қашар, Қызыл қашар шөлдесе, суға қашар. Жақсы қыздың үйіне кіріп барсаң, Шашбауы сылдырап есік ашар.
Ала қашар дегенде, ала қашар, Ала қашар шөлдесе, кейін қашар. Жаман қыздың үйіне кіріп барсаң, Төбе шашы үрпиіп төрге қашар.
Алып келген базардан алтын балдақ, Алтын балдақ жарасар, алсаң қармап. Торы бестінің құйрығын талдап өріп, Жануарды жараттым саған арнап.
Жүк артса, жарасады, қара нарға, Қандай өлең айтайын балаларға. Бастап берсем баяғым еске түсер, Көпшіліктің ісіне шара бар ма?!
Өте ме күміс кездік жанымаған, Бермейді тұрып орын танымаған. Кісінің сыйласқандай баласы едік, Келмесін жаман атың, жаным, маған.
Үлкені ауылымның Қожаберген, Құр дауыс неге керек соза берген. Баласы теңбіл көктің мен қазанат, Артымнан айғай шықса, оза берген.
Тобылғыдан сайладым таяғымды, Жаңа бастап келемін баяғымды. Күннің суық болғаны маған жақсы, Қыздар қымтап салады аяғымды.
Сөйлеп-сөйлеп тастайын сөз келген соң, Сөйлесін деп Құдайым сөз берген соң. Мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамын, Жиналып өңшең бағлан кез келген соң.
Дауысым а дегенде жөнеледі, Әнімді тыңдаған жан кенеледі. Әлеумет, осындайда ойна да күл, Қолыңнан қартайған соң не келеді.
Қалқам-ау, сөйле десең, мен сөйлейін, Тәңірден тағдыр келсе, жөнелейін. Қолқаңыз маған салған өлең болса, Тасындай диірменнің дөңгелейін.
Сізден де өтер дүние, бізден де өтер, Мұратына кей ғашық жылдам жетер. Бажайына бажайлап келтіргенше, Сырғанап сұм дүние тез-ақ өтер.
Ұстағаным қолыма алтын құрық, Ақ сұңқарды ұшырдым талпындырып. Бас қосқанда өлеңді біз айтайық, Бізден бұрын өткеннің салтын құрып.
Ай туса, жарқырайды жанарыңыз, Ауырар жаяу жүрсек табанымыз. Бозторғай қой үстіне ұя салды, Дейтұғын енді туды заманымыз.
Әуеде бұлт көшеді жел айдаса, Тәуекел қиын емес, бел байласа. Көңілді өлең айтып көтерелік, Жігітті қайғы басар, ой ойласа.
Тағы да домбыра ма, домбыра ма, Домбыра тарта берсе, болдыра ма. Көңілді өлең айтып көтерелік, Жігітті сары уайым оңдыра ма?
Ат байладым ақ үйдің белдеуіне, Шашақ төгер кербез қыз белбеуіне. Оралыңның барында ойна да күл, Өткен өмір мен кепіл келмеуіне.
Ат байладым ақ үйдің кермесіне, Көз салмадым біреудің бермесіне. Оралыңның барында ойна да күл, Өткен өмір мен кепіл келмесіне.
Бір қамшым бар қолымда бұйра сапты, Сол қамшым бұйра сапты жұртта қапты. Қыл өтпес арамыздан тату едік, Қызыл тіл арадағы алыстатты.
Берейін сөйлеп-сөйлеп сөйле десең, Тықыршып тоқтамаймын сөйлемесем. Жел сөздің бір-екі ауыз арқасында, Серкедей қой бастаған болдым көсем.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды