Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

4702 Жалпы жазба
192,685 Бірегей сөзформа (толық индекс)
4220 Құжаттың орташа ұзындығы
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 4702 жазба көрсетілуде

Қара өлең үлгілері

Қош болғайсың, құрбыжан, қош болғайсың, Өзім деген құрбыңмен дос болғайсың. Бір табақтан дәм татқан құрбым едің, Сәлем жолдап біздерді еске алғайсың.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ән салсаң, өзімдей сал ширатылып, Қалады кескен терек қиратылып. Барында оралыңның күліп-ойна, Сала жүр осы әніме ырғатылып.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ән салсаң, өзімдей сал әнге салсаң, Әнімді айтайын мен ұғып алсаң. Бағасы бұл әнімнің бес мың теңге, Әнімді өзіме бер ала алмасаң.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мен өзім той боларын біліп келдім, Сары атан ырғай мойын мініп келдім. Думанды ұлан-асыр той болсын деп, Бозбала, қыз-келіншек жиып келдім.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Сыртқа жайды сырымды өлең шіркін, Өлең айтар жігіттер мынау бір күн. Үйде жатсам дем алып, әттең, мені, Тоқтатпайды шақырып дүркін-дүркін.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мекені біздің елдің қара терек, Өлеңге он жасымнан болдым зерек. Көпшілік құрметіне ән салайын, Мұндайда босқа отырып неге керек.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Сәмбіл бел, сандуғаштай сайрап тұрған, Меруерт тас Самарқанда жайнап тұрған. Жігіттер, топтан таңдап бір сұлу ал, Тасындай диірменнің ойнап тұрған.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

«А» дегенде дауысым шаңырқаған, Естіген жан әнімді таңырқаған. Ақындықпен өлеңді мен айтпаймын, Көтеремін көңілді жабырқаған.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дәм татайық, бұйырса, шай қайнаса, Бойы қызар жүйріктің айғайласа. Тіршіліктің барында ойна да күл, Не болады ер жігіт қайғы ойласа.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Болғанда айғыр жалды, ат кекілді, Көргем жоқ өзім туып сен секілді. Барады иісің жарып танауымды, Қайнатқан қалампыр сап шай секілді.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Кигенім аяғыма кебіс еді, Қос күрең жылқы ішінде тебіседі. Өлеңді бұдан бұрын айтқаным жоқ, Құрбылар, не деп айтсам, келіседі.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Алғызбайды адамзат алдағанға, Шіркін көңіл арманда бармағанға. Барсам дағы, жүрер ем арманда боп, Ойын-күлкім бір жүріп қанбақанға.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ән дегенде жасымнан аттай желем, Ар жағымнан, ән салсам, келеді өлең. Ата-бабам жасынан өлең қуған, Мен сондықтан өлеңге көңіл бөлем.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Бәйгеге қосып жүрген жүйрік жирен, Үкілеп жал құйрығын өзім түйген. Қалықтап ұлы тойда ән салғанда, Көре алмай кетіп қалар іші күйген.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Айт десеңіз айтайын айдай он бес, Асауынан үйреткен тайдай он бес. Тіршіліктің барында ойна да күл, Қайта айналып келмейтін қайран он бес.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Көк ала үйрек ұшады аспанменен, Таң ата ма мезгілсіз сасқанменен. Кісі жары кісіге жар болмайды, Қанша мақтап қатарға қосқанменен.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Не бар дейсің өлеңді сала бермей, Көкірегім кең сарай—дала жердей. Тұра алмаймын той десе елегізіп, Жұма сайын бәйге алған қара кердей.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жеңешеміз, ендеше, жеңешеміз, Ары отырмай, бері отыр кеңесеміз. Әнге қосып өзіңді айтар едім, Мынау қандай әдепсіз демесеңіз.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жоғарыдан келемін жолмен саулап, Таңдайымнан келеді өлең қаулап. Шаршы топтың ішінде тартынбаймын, Мұрындықсыз тайлақтай омыраулап.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Білмеске өлең тұрғай сөз де қиын, Шығады қиыстырған сөзден түйін. Қара сөз қанағатсыз сылдыраса, Есепке алынбаса, ол да қиын.

Жанр: Қара өлең
Алдыңғы 152 / 236 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды