Қара өлең үлгілері
Өлеңді білген де айтар, білмес те айтар, Су ішіп Ақжайықтан жылқым қайтар. Өлеңді біле тұрып айтпай кетсем, Жақсының мың теңгелік көңілі қайтар.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Өлеңді білген де айтар, білмес те айтар, Су ішіп Ақжайықтан жылқым қайтар. Өлеңді біле тұрып айтпай кетсем, Жақсының мың теңгелік көңілі қайтар.
Шудан арман басталар Бетбақ дала, Жайлауы ауылымның сала-сала. Құс қанаты күйетін ыстық шөлге, Мал бағып, сап түзеттік жаңа қала.
Жуантөбе, Тасты мен Шу жайлаған, Бірге өсіп құрбыммен, бірге ойнаған. Әрбір күнім бергісіз бір ғасырға, Тамаша, қызықты өмір гүл жайнаған.
Басың биік, Алатау, бауырың жазық, Қағулы тұр басыңда алтын қазық. Дауысыңды сыртыңнан естіп, біліп, Қалқатайым, атыңа болдым ғашық.
Басың биік Алатау тақиядай, Шалғыныңды ел басып жапырады-ай. Оралыңның барында ойна да күл, Өтіп дәурен барады қапияда-ай.
Көріп пе ең сен қырғыздың Алатауын, Басында бұлт ұялап, күнде жауын. Алыста аңсап жүрген ағайынның, Жөн болар біліп жүрген есен-сауын.
Тау көрінер алыстан мұнарланып, Ойнайды екі ғашық құмарланып. Оң жағында шіркіннің жатар ма еді, Ақ иықтай түлкі алған жұмарланып.
Самалы Сарыарқаның желпиді оңнан, Жайлайды жылқы сауыр, сиыр жоннан. Майы шығып түгінен тарлау жесе, Жарылар қой құйрықтан, түйе қомнан.
Қаратау, Қасқамұрын қалдың бізден, Шалғыны Мыңбұлақтың келер тізден. Өзіңе, тірі болсам, оралармын, Әзірге, айналайын, күдер үзбен.
Біздің ел қара Ертісті қыстайтұғын, Шағимен түлкі тымақ тыстайтұғын. Ей, тағдыр, мен не қылдым, сен не қылдың?! Осынша шыбын жанды қыстайтұғын.
Қара Ертіс, қайран өзен Нарын-Күршім, Түскенде Күршім еске, жат та күрсін. Дүниеде туған жерге жетер қайда, Шет жерде аңсап жүрген күнің құрсын.
Ой, Алтай, басың биік, шөбің сұйық, Ойнайды бауырыңда арқар, киік. Кір жуып, кіндік кескен қайран Алтай, Кетеді сені ойласам ішім күйіп.
Алтайдың салдым сайран күн бетіне, Ақ қағаз жазу жаздым бір бетіне. Өлеңді ақындықпен біз айтпаймыз, Айтамыз көпшіліктің құрметіне.
Жазың салқын, ей, Алтай, қысың қырау, Аққан өзен сылдырап бейне жырау. Алтыбақан тербеген қыз-бозбала, Жайлауымыз Алтынкөл анда тұр-ау.
Жиырмаға жиырма бес жуық екен, Ақ боз үйді көтерген уық екен. Оралыңның барында ойна да күл, Қара жердің бауыры суық екен.
Жігіттер, дәурен етер, дәурен етер, Бәрі де бұл дүниенің әуре бекер. Қаумалаған достарың сырт айналар, Қадіріне сүйген жар, сәулең жетер.
Қамыстың ат байладым сабағына, Жігіттің жолдас болма жаманына. Жігіттің жолдас болсаң жаманына, Дұшпанның тастап кетер табанына.
Шіркін-ай, жаман қандай, жақсы қандай, Барады өтіп өмір асыққандай. Барында оралыңның ойна да күл, Қара жер бауыры суық басып қалмай.
Келемін жоғарыдан төмен қайтып, Көңілді көтерелік өлең айтып. Көңілді көтермесек өлең айтып, Әлі-ақ бір күн қалармыз жер томпайтып.
Сөйлеп қал, сөйле, тілім осындайда, Аққан су бір мезгілде таусылмай ма? Қартайып, жасың жетіп, өлгеннен соң, Топырақ өз бетімен шашылмай ма?
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды