Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

4983 Жалпы жазба
198,489 Бірегей сөзформа (толық индекс)
4095 Құжаттың орташа ұзындығы
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 4983 жазба көрсетілуде

Қара өлең үлгілері

Балықта су ішінде дем болмайды, Етінде сұлу қыздың мең болмайды. Жарыңыз қойныңдағы жаман болса, Дұшпаннан қылыш тартқан кем болмайды.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние, келеріңде бұлақтайсың, Сырғыған кетеріңде сынаптайсың. Жанына жақсылардың аялдамай, Па, шіркін, қайда барып тұрақтайсың!

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние-ай, ойлап тұрсаң, шекер дүние! Байға қызық, жарлыға бекер дүние. Барында оралыңның ойна да күл, Опасыз бір күн тастап кетер дүние.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние, ойлап тұрсам, шолақ екен, Қарағай, басын кессе, молақ екен. Он бес пен жиырма бес, қайран отыз, Үшеуі үш күн қонған қонақ екен.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние қудым сені он жасымнан, Тартады денем ауыр қорғасыннан. Үстінен су төгілмес, майда қоңыр, Танады ол да бір күн жорғасынан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние ойлап тұрсам, қос уыстай, Түрленген қайран күнім тоты құстай. Барында оралыңның ойна да күл, Қалармыз әр төбеде қосылыспай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние қудым сені бала жастан, Өмірдің аз-көбіне қарамастан. Күл де ойна, гүл-гүл жайна, осындайда, Бұл дүние әлі-ақ өтер ғазиз бастан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние дүмбір дегенде, дүние дүмбір, Дүмбірлеткен жігітті дәл жиырма бір. Оралыңның барында ойна да күл, Қайта айналып келмейді өткен ғұмыр.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние, дүниеден дүние өтеді, Қолынан оймақсыздың ине өтеді. Барында оралыңның ойна да күл, Түбіне дүниенің кім жетеді.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние ойлап тұрсаң шолақ екен, Адамдар бір-біріне қонақ екен. Сыйласып екі жұбай тату болса, Дүниенің бар қызығы сол-ақ екен.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние жеткізбейді қуғанменен, Өтеді күндер шіркін думанменен. Жатасың жалғыз өзің жапан түзде, Атадан алтау болып туғанменен.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние тұманданған, мұнарланған, Кім алдаған білмеймін, кім алданған. Дөңгеленіп, дөңгелеп арбасынан, Лақтыра ма қайтеді, мына жалған.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние қудым сені жалықпай-ақ, Судағы ұстатпайсың балықтай-ақ. Біреуге мал мен бақты қатар беріп, Біреуді қойдың Құдай жарытпай-ақ.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние ойлап тұрсаң бір сергелдең, Жалғыз атың жоқ болса, өлгенмен тең. Досың келіп үйіңнен құр аттанса, Қара жерге тепкілеп көмгенмен тең.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние өтеріңде сынаптайсың, Таулардан жылжып аққан бұлақтайсың. Басына талай ердің аттай теуіп, Сұм жалған қайда барып тұрақтайсың.

Қара өлең үлгілері

Дүние қарап тұрсам, бір кең сарай, Сарайға көзім талды қарай-қарай. Тағдыр мен Тәңіріге жала жаппа, Өзінен ер жігіттің бақ пен талай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние қудым сені жалықпай-ақ, Судағы ұстатпайсың балықтай-ақ. Көрсетіп бірде алдыңды, бірде артыңды, Қойдың ғой дидарыңды танытпай-ақ.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дүние—бір қисық жол бұраңдаған, Бақ тайса, мал менен бас құралмаған. Күніне мың бір пәле көрсең-дағы, Сонда да күдер үзбе бір Алладан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қамқаның бөрік кидім қиығынан, Біреуге біреу күлер миығынан. Біреуге біреу жақын болады екен, Өзінің бойға біткен қылығынан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мыс па екен, алтын ба екен, қола ма екен, Алтынға қола тұтқа бола ма екен? Тұйғын деп ұстағаным қарға шықты, Қарғаға пенде ғашық бола ма екен?

Жанр: Қара өлең
Алдыңғы 192 / 250 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды