Қара өлең үлгілері
Ауылым биік таудың ашасында, Белгісі жүйрік аттың шашасында. Менімен хат алысып, хат берісіп, Бір күні уәде беріп қашасың ба?!
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Ауылым биік таудың ашасында, Белгісі жүйрік аттың шашасында. Менімен хат алысып, хат берісіп, Бір күні уәде беріп қашасың ба?!
Ауылым көшіп барады Ылайкөлге, Дүрия бешпент жарасар қынай белге. Қайран жар қайта айналып қосылмай ма, Айналайын көзіңнен, жылай көрме.
Ауылым көшіп барады Құмайкөлге, Дүрия бешпент жарасар қынай белге. Ауылың шалғай кеткенде қимас қалқам, Мені ойлап, жан қалқам, жылай көрме.
Ауылым көшіп барады Көлмекөлге, Көлмекөл алыс дейді көрмегенге. Түскенде сен есіме, ей, қарағым, Жүремін әрең шыдап өлмегенге.
Ауылым көшіп барады Алмалыға, Кім көнбейді тағдырдың салғанына. Бір кетпейтін есімнен есіл қалқам, Кетер ме екен біреудің қармағында.
Ауылым көшіп барады Алмалыға, Ой бөлмеймін шын істің жалғанына. Бір кетпейтін есімнен есіл қалқам, Жетер ме екен қол созған арманына.
Ауылым көшіп барады Сарымсаққа, Шыбын жан шықпайды екен сағынсақ та. Келмеді қыста хабар, жазда хабар, Сарғайып елесіне табынсақ та.
Ауылыңның қонысы Белтұрғанда, Шөптің басы қимылдар жел тұрғанда. Кішкентайдан бірге өскен сәулем едің, Қайда кетіп барасың мен тұрғанда.
Тоқым салсам жарасар тел күреңге, Сіз кеткен соң телмірдім мен біреуге. Сағынғаннан төрт болып екі көзім, Қарайғанға қадалып телміруде.
Қосақтың басы болар жебей саулық, Жарасар келіншекке жібек жаулық. Жүрейін айнала ұшып аспаныңда, Ұшыршы тұғырымнан мені баулып.
Ауылым көшіп барады Ылайкөлге, Дүрия бешпент жарасар қынай белге. Жақсы жігіт жалғанда жалғыз ба екен, Айналайын көзіңнен жылай берме.
Ауылымның мекені ой ма, қыр ма, Қонады бұл жайлауға қайтқан тырна. Түскенде мен есіңе, ей, перизат, Шырқап сап, осы әніме қолың бұлға.
Ауылымның қонғаны тастақ төбе, Бір сәлем сағынғаннан айттым неге? Бірге өскен кішкентайдан, беу, қарағым, Жүргені өзімсініп қандай неме!
Ауылым көшіп барады Ылайкөлге, Жарасар дүрия бешпент қынай белге. Кеткенде ауылың алыс, құрбыларым, Құшақтап құс жастықты жылай көрме.
Ауылым көшіп барады Ылайкөлге, Жарасар дүрия бешпент қынай белге. Кеткенде ауылың алыс, құрбыларым, Құшақтап құс жастықты жылай көрме.
Ауылым көшіп барады Сарымсаққа, Қой айдаттым базарға алымсаққа. Ауылың алыс кеткенде, ей, қалқатай, Шықпайды екен шыбын жан сағынсақ та.
Ауылымның қонғаны ала татыр, Оқтай зулап дүние бара жатыр. Ауылыңның тұсынан ән салғанда, Ақ боз үйге сүйеніп қара да тұр.
Ауылымның қонғаны Қаратал-ды, Қарай-қарай жолыңа көзім талды. Пида қылып жолыңа арнар едім, Сенің үшін, жан сәулем, шыбын жанды.
Қара су есік алды өткелі жоқ, Жерінен өткелі жоқ өткенім жоқ. Жүректен шын сүйіскен тату сәулем, Жерімнен уәделі кеткенім жоқ.
Қара су есік алды өткелі жоқ, Суынан өткелі жоқ, өткенім жоқ. Кеткенде ауылың алыс, қимас қалқам, Басқаға көңіл бұрып кеткенім жоқ.
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды