Жер, табиғат құбылыстары
Аждаһа жерден шығып көкке өрлер, Қысылып өзгелерден бұрын терлер. Түрі бар аждаһаның неше түрлі, Алады қолы жеткен мініскерлер. (Жер)
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Аждаһа жерден шығып көкке өрлер, Қысылып өзгелерден бұрын терлер. Түрі бар аждаһаның неше түрлі, Алады қолы жеткен мініскерлер. (Жер)
Жайы-жайы, жай кілем, Жайылып жатқан бір кілем, Түр-түр кілем, Төгіліп жатқан кір кілем. (Көктемдегі жер)
Жүресің-жүресің, ұшын таппайсың, Ары жүрсең, қайтып келесің. (Жер)
Бір зат бар дүниеде құшағы кең, ұшқан құс, жүгірген аң бәріне тең. Адамзат, жан-жануар арасында Мәңгілік өсіп-өніп өмір сүрген. (Жер)
Көкторғын көрдім мен Көп асыл қадаған. Адам жоқ өмірде Асылын санаған. (Жер)
Көк жүнді бір өгіз бар еті қара, Тілгіле өне бойын етіп пара. Етін жеп жатсам дағы майын сорып, Болмайды өлмек түгіл титтей жара. (Жер)
Жаһанда бір алыпты көрдім күшті, Барлық салмақ дүниеде соған түсті. Қандайын дүниеде барлық жеміс, Солардың атырабында құрап пісті. (Жер)
Жамандық қып, шапқылап жарсаң басын, Жақсылық қып аямас сенен асын. Күні-түні сонда да тепкілейсің, Айтпайсың оған тәңір жарылқасын. (Жер)
Бір жатқан зор кемеңгер қара кісі, Қимылдар сол кісіден елдің тісі. Талқандап беті, жүзін тырнасаң да, Бір ауыз неге үйттің деу емес ісі. (Жер)
Қағар, қағар, қағар кілем, Қағайын десе ауыр кілем. (Жер)
Зер, зер кілем, зер кілем, Көтерейін десем зор кілем. (Жер)
Өлшеусіз піштім, Жіпсіз тіктім. (Жер)
Сатайын десем ауыр кілем, Сатпайын десем тәуір кілем. (Жер)
Аппақ жолға қараймыз тамсанып, Сүтін төгіп кеткен кім, жол салып? (Құс жолы)
Салмағың бар өлшесем, Көрінбейсің көзге сен. (Ауа)
Бір нәрсе жер мен көктің арасында Көрінбейді өзі түгіл қарасы да, Білінбей жер үстінде жүрсе дағы, Пайдалы адамзаттың баласына. (Ауа)
Бар ма, жоқ па, анық білмейсің, О жоқ жерде өмір сүрмейсің. (Ауа)
Аспанда ұшып жүрген алты торғай, Өмірбақи жүреді жерге қонбай. (Үркер)
Туғанда алтау едім, Өле-өле жетеу болдым. (Үркер)
Байладым бір қазыққа екі жылқы, Екі жігіт ала алмай болды күлкі, Жетеуі бір қызға ғашық болып, Ағарды қасіреттен сақал-мұрты. (Темірқазық, ақбозат, көкбозат, Жеті қарақшы, Шолпан жұлдыз)
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды