Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

5063 Жалпы жазба
199,295 Бірегей сөзформа (толық индекс)
4031 Құжаттың орташа ұзындығы
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 5063 жазба көрсетілуде

Қара өлең

Дәйім менің мінгенім жүйрік бөрте, Бөртемен барып қайтам бүгін, ертең. Араға жаушы салып айттырармын, Егер де талабымды мақұл көрсең.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Дәйім менің мінгенім ақ боз атым, Ақ боз ат болар менің қос қанатым. Ақ бозым жиын-тойда жүлде алып жүр, Асырып иесінің салтанатын.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Дәйім менің мінгенім жирен қасқа, Жүйрік болса, шаппай ма тау мен тасқа. Жиренім өзі жуас, өзі жорға, Мал емес шадыр мінез алақашпа.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Болсын деп тайым жорға шаужайлаймын, Қойымды семіртем деп тау жайлаймын. Малымды тойындырсам жаздың күні, Болғанда қыстың күні қиналмаймын.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз жорға сорлы болдың жал түскенде, Көрмеске иең сені ант ішкен бе? Жаныңды дауалайтын емші қайда, Жүре алмай аяғыңа қан түскенде?

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз жорға, аяғы ақсап тауда қалды-ау, Қайтейін қайырымсыз жауда қалды-ау. Мінгендер күйі барда келе ме деп, Қараумен бейшараның көзі талды-ау.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз жорға мүлде арықтап жүре алмаған, Адамға қадірі жоқ сыр алмаған. Жылайды, кісінейді күндіз-түні Жанына шипа тілеп бір Алладан.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз жорға арықтаған бір шөл жерде, Жасында таныс еді-ау әрбір жерге. Үстінен ер, мойнынан жал кеткен соң, Көңілі толып жатыр қайғы-шерге.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз аттың бойдай талай жағындасың, Бұлдырап көрінетін сағымдайсың. Болғанда сөзің өткір, ойың асқақ, Келгенде қара өлеңге жалындайсың.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз аттың бойдай талай үлпершегі, Адамның мандымайды еріншегі. Кез болған қиуада, қимас қалқа, Боласың әлде кімнің келіншегі?!

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз аттың бойдай талай танауысың, Жігіттің көрдім мен де таңдаулысын. Ұсынсам жүрегімді қолыма алып, Қуаныштан от болып жанбаймысың.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз аттың бойдай талай көзіндейсің, Ақ шағи саудагердің бөзіндейсің. Шын көңіл, шын пейілің менде болса, Әріптес, не себепті көрінбейсің?

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз аттың бойдай талай тісіндейсің, Әріптес, мені неге түсінбейсің. Қалтырап, қусырылмай жақын отыр, Жылынсаң қызуыма үсінбейсің.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз аттың бойдай талай маңдайысың, Сұлудың кім сүймейді таңдаулысын. «Аңдып бас аяғыңды» деген қайда, Кім білед бар екенін қандай ісің.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз аттың бойдай талай таңдайысың, Кім біледі бар екен қандай ісің. Қырандай мені іліп жөнелетін, Басқа қыздан, батырым, қорқамысың?

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз аттың бұлаңдайсың құйрығындай, Кім көнбес Жаратқанның бұйрығына-ай! Қаласаң, іліп ала жөнелер ем, Алтайдың ақиықты қыранындай.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз аттың бойдай талай құлағысың, Жайлаудың қаулап өскен құрағысың. Әншейін айта салған сөз болмасын, Әуелі, өзің сертте тұрамысың?

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз аттың бойдай талай тұяғысың, Жайқалған саздауыттың қияғысың. Шын көңіл, шын пейілім ауды өзіңе, Сөзіңде уағдалы тұрамысың?

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз аттың бойдай талай сауырысың, Сауырға жарамасаң, жауырысың. Көз алмай саған қарап отырғаным – Құрбының өзің теңдес тәуірісің.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)

Қара өлең

Боз аттың бойдай талай жүгіндейсің, Жайлаудың жаңа ашылған гүліндейсің. Кез болған қиуада, қимас қалқа, Елжіретіп жүректі күлімдейсің.

Жанр: Қара өлең Жыл: 2009 Өңір: Қытай (ҚХР)
Алдыңғы 222 / 254 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана — көпқабатты концепт: семантикалық, мәдени және экологиялық талдау

Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды