Қара өлең
Базардан алып келген ақшым бөз бар, Ішінде ақшым боздың ырғай кез бар. Кем ақыл сен білмейсің, мен айтайын, «Шығыпты сиыр судан» деген сөз бар.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Базардан алып келген ақшым бөз бар, Ішінде ақшым боздың ырғай кез бар. Кем ақыл сен білмейсің, мен айтайын, «Шығыпты сиыр судан» деген сөз бар.
Базардан алып келген қызыл күлше, Қамшылап жылан бауыр дүлдүл мінші. Жез таңдай, бұлбұл көмей ақын болсаң, Шығыпты сиыр қайдан, соны білші?
Ауылым көшіп барады Аққауланға, Жабағы арық, тай семіз көп сауғанға. Айналсоқтап қасыңнан шыға алмаймын, Ақ білекті сыбанып қой сауғанда.
Атымды астымдағы тағаладым, Тағалап өзен суды жағаладым. Болсын деп жылқым аман ит пен құстан, Үйірін қысырақтың араладым.
Атыңыз аунақшиды, шеміршек пе? Ем дайын бұл ауылда шеміршекке. Атыңның шеміршегін алып берер, Жалынсаң ауылдағы келіншекке.
Атымды арқандаймын қазық қағып, Сақтаймын ұрылардан бағып-бағып. Атымды арқандаулы үркітерсің, Шашыңа сылдырлатып шолпы тағып.
Ауыл көркем көрінер жотадағы, Жарасар таққан үкі ботадағы. Ұры менен бөріден аман болсын, Қорадағы қойымыз отардағы
Атымның кекіліне үкі тақтым, Болсын деп малым семіз, тауға бақтым. Қалқаның ауылына барғанымда, Атымның басын тартып жорғалаттым.
Ат қайда Ақбақайдай шаппай желген, Ақырға жем жерінде өзі келген. Түскенде талай рет қыз қуарға, Өнерін Ақбақайдың қыздар көрген.
Асау сүйреп әкетті көнегімді, Жел ұшырып әкетті желегімді. Сиыр теуіп сындырды шелегімді, Күнде сауып алушы ем керегімді.
Асау сүйреп әкетті көнегімді, Жел ұшырып әкетті желегімді. Сиыр теуіп сындырды шелегімді, Күнде сауып алушы ем керегімді.
Ақ серке ай мүйізді қой бастайды, Алшаңдап қой ішінде ойқастайды. Мал бағып кешке таман оралғанда, Алыстан сәулетайым көз тастайды.
Аласаны тағы да аласаны, Аласаны жайылып мал асады. Қыратынан қиқулап салсам әнге, Малға толы жайлауға жарасады.
Айдап салдым жылқымды ошағанға, Салсам құрық жетпейді қашағанға. Қалқам-ау, жылқышыны еске аларсың, Жаудырап екі көзің қой сауғанда.
Айтамын бірден санап көп атымды, Басқа емес мініп жүрген өз атымды. Жасынан жүлде бермес жүйрік еді, Айтамын өлең қылып боз атымды.
Айтайын, айт дегенде теріскейді, Қойларым теріскейді өрістейді. Қой келді, малыңды сау, қалқатайым, Отыру бекер қарап келіспейді.
Айтайын, айт дегенде төрт түлікті, Айыр өркеш түйеден жылқы мықты. Жылқының күштілігі сол емес пе, Адамды алпамсадай алып ұшты.
Адырдан «айт-айт» десе, қашар түлкі, Қолындағы қулық бие өсер жылқы. Үйірі қысырақтың көбейсе екен, Қаракөл, күміс құйрық малдың көркі.
Бастайын бисмилла деп дастанды бұл, Сауыңда қаусырма жақ, сайрашы тіл. Баласы мұсылманның кәлимагөй – Үмбеті Мұхаммедтің Құдайға құл. Пайда боп жаралғаннан бұл дүниеге Адамзат келіп-кеткен бірнеше қыл. Балуан, сайыпқыран не батырлар Керік пен ат орнына мінген дүр піл. Жақсылар, жатар жерің болар жалғыз, Тусаң да қанша...
Бағдатта патша болған Ғабдумәлік, Кеңейген кезегіне халифалық. Бағынған батыс, шығыс мемлекеті, Исламдық ту көтерген жұмлә халық. Мекендеп Бағдат жерін араб, түрік, Қалмайтын ежелгіден ғадат-ғұрып. Түрліше шаруа жиған адамдар көп Базарда сауда етіп, мал өсіріп. Кәрімбай, Сәлімбайлар бай болыпты, Мал-мүлкі, салтанаты са...
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды