Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

2898 Жалпы жазба
122,107 Бірегей сөзформа (толық индекс)
4233 Құжаттың орташа ұзындығы
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 2898 жазба көрсетілуде

Қара өлең үлгілері

Өлеңімнің аты еді «әриайдай», Ауылыңды торыдым жарым айдай. Шыныменен көңілің менде болса, Ерітейін ішіңді сары майдай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді баста десең басты айтайын, Өрілген шаш, қиылған қасты айтайын. Болған соң ойым көсем, тілім шешен, Несіне қара өлеңнен бас тартайын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді қанша айтсам да жалықпаймын, Даусымды тоқсан толғап анықтаймын. Сыртымнан күле берсін қыз-келіншек, Мен оған күлді екен деп жабықпаймын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өң берер өлең шіркін тамашаға, Өлеңсіз тамашамыз жараса ма. Дәмдеп айт, өлеңіңді өрнектеп айт, Кейінгі үйренердей бала-шаға.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Келгенде қара өлең хан, төремін, Қара ағаш қабығынан қамшы өремін. Өлеңді ақындықпен мен айтпаймын, Көңілді жабырқаған көтеремін.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді мен айтпаймын желіккеннен, Өлеңді ел тыңдамас еріккеннен. Халқымыз «өнер алды қызыл тіл» деп, Ежелден өлеңге жол беріп келген.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Болғанда өлең ойдан, ән көмейден, Кез болдың қиуада бірегеймен. Жаныңа барар жолды өзің нұсқа, Қайтсем де көз жазбаймын, қалқам, сенен.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Гідігайға кім салар мен тұрғанда, Өлеңдетем аузымда жел тұрғанда. Қызды ауылдың сыртынан гідігайлап, Құйысқаным сарт етер ұмтылғанда.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді айтушы едім бір кісідей, Орыстың көзі өткір дүрбісіндей. Тарыдай тал бойыңда бір мінің жоқ, Шебердің шақтап пішкен үлгісіндей.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді өлеңшіден үйренемін, Көңілді өлең десе күйге енемін. Өзімнен үлкен отыр, өлеңші отыр, Айтуға алдыменен именемін.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қоңыр қаз көл жағалап қаңқылдаған, Сахара сазға қонып салқындаған. Көңілді жабырқаңқы көтергендей, Әнге сал қоңыр қаздай саңқылдаған.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қайнайды қара шәугім мосыменен, Көшпелі ел күнін көрер осыменен. Жасқа тән жалын жігер танытайық, Көпшілік отыр бізден тосып өлең.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Мен бір өлең айтайын қызықтырып, Сымбатыңды жел сөзге тізіп тұрып. Өлеңіме ылайық жауап берші, Шаршы топтың ортасын бұзып шығып.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өзгеге мен отырмын қызбаймын деп, Айтылған уәдені бұзбайын деп. Аққудай айдындағы ақ көйлекпен Алдымнан шықшы, сәулем, «біз дайын» деп.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қара өлең қудым сені он жасымнан, Тартады бойым байсал қорғасыннан. Үстіне су төгілмес майда қоңыр, Танбай ма болдырған соң жорғасынан.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қызды сұлу көрсетер бойы емес пе, Сөзді сұлу көрсетер ойы емес пе. Мұнда айтпаған өлеңді қайда айтамыз, Бастарымыз қосылса той емес пе?

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Кейбіреу өлең айтар екіленіп, Жем жеген байлаулы аттай мекіреніп. Алақтап жан-жағына қарай берер, Қой жеген көкжал бөрі секілденіп.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Үстімде бір бешпетім қынамалы, Бір өлең айта салдым сынағалы. Ауылың алыстайды дегенді естіп, Отырмын көңілім босап жылағалы.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Дәйім менің мінгенім қаракерім, Болған жақсы арада алым-берім. Бір-екі ауыз желсөздің арқасында Күнде жиын, күнде той жүрген жерім.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Айтудан қара өлеңді ерінбеймін, Ебінің ерте соққан желіндеймін. Айтып қал айтарыңды есің барда, Ерніңді қара өлеңмен желімдеймін.

Жанр: Қара өлең
Алдыңғы 24 / 145 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Dede Qorqud Epic Culture (Sample)

Short article sample inspired by UNESCO Dede Qorqud/Korkyt Ata page.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды