Іздеу интерфейсі

Фолклор мәтіндері корпусы

Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі

2898 Жалпы жазба
122,107 Бірегей сөзформа (толық индекс)
4233 Құжаттың орташа ұзындығы
Тазалау

Нәтижелер: конкорданс, жиілік, коллокациялар

Корпус жазбалары

20 / 2898 жазба көрсетілуде

Қара өлең үлгілері

Қара өлеңге келгенде дауылдаймын, Нөсерлеткен дауылды жауындаймын. Меніменен айтыссаң, бүгін айтыс, Оңайлықпен мен күнде табылмаймын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Көктемі көңілімнің өлең деген, Құлағым өлең десе елеңдеген. Маған десең өлеңді қарша борат, Менде ой жоқ есемді берем деген.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жан азығы жарамды өлең деген, Жеңе алмайсың сорайған денеңменен. Қара өлеңнен соқтырсам қара дауыл, Талмасы ұстап талайдың сереңдеген.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ес те жоқ, ерік те жоқ пақырыңда, Есерге тап болдым ба ақырында. Аңдап бас аяғыңды алшаңдамай, Сотқардың сорлы түсер тақымына.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қарасу есік алды топ қарағай, Иенде шөліркейді жоқ қараған. Өлеңді айтпай жатып ісіп кеппе, Талайын сендейлердің ноқталағам.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жаттанды жай сөз емес, өлең дарын, Сай келмес жиған-терген қолда барың. Бұл жолы жұмырыма жұқ болмадың, Келерсің қыс ойланып жазға салым.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Әні де қара өлеңнің күйі бізде, Өлең жаттап қайтыңыз үйіңізге. Ойға келген бос сөзді қиыстырмай, Тоқсан сөзден тобықтай түйін ізде.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Серкесіз қой жүрмейді қалың қардан, Шыға алмас өгіз қарғып терең жардан. Өзінше ақынбыз деп малданып жүр Көп ақын қара өлеңді менен қалған.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қара өлең естімесе, әркім сусар, Үйірі көк аланың көлде жусар. Өзіңмен айтысуға құмар едім, Сәті кеп осы тойда болдым душар.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді сыдырт десең сыдыртайын, Түгіндей тоты құстың құбылтайын. Өлеңді жеке айтсам, болмас қызық, Жағалап қыздар жаққа қыдыртайын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Жиярға сары сандық төрге жақсы, Қиысқан ақпал көпшік ерге жақсы. Өлеңді бір-екі ауыз біздер айтсақ, Қос қалқа, кезегіңіз дерге жақсы.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлең айтсақ, ашылар бұлтты күн, Ақ қозыға жарасар түбітті жүн. Оралыңның барында ойна да күл, Өтіп жалған барады үмітті күн.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңге он жасымнан болдым батыр, Майсаға дөңгелентіп тіктім шатыр. Келін боп жаңа ғана түссем дағы, Көпшілік өлең айт деп қоймады ақыр.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Ақын алтау болғанда, керім сегіз, Өлең қайдан шығады ерінсеңіз. Қуанышым қойныма тола кетер, Аш кезеңнен қылт етіп көрінсеңіз.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Басымда ақ тұмағым шоқтай-шоқтай, Басайын, түйең ауса, тоқтай-тоқтай. Кеткенде аулың шалғай, қимас қалқа, Жүремін өлеңіммен жоқтай-жоқтай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Айыршы мамыр қандай, маусым қандай, Салғанда осы әніме даусым қандай. Бір тойда бір өлеңді екі айтып, Өлеңі қос қалқаның таусылғандай.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Өлеңді аңқыт десең аңқытайын, Суындай дарияның шалқытайын. Біздерден сұрағаның жел сөз болса, Бойыңды қорғасындай балқытайын.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Қоңыр қаз көл жағалап ұшады өрлеп, Салғандай түрлендіріп әннен өрнек. Ән салсаң, қоңыр қаздың әніне сал, Көтеріп көңіліңді көкке сермеп.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Тұсыңа бүгін келдім, ертең келмей, Қадалдым аш бүйірден зертең желдей. Өлең айт, тәуір сайлап, екі қалқа, Боп тұрмын лебізіңе өртенгендей.

Жанр: Қара өлең

Қара өлең үлгілері

Көшкенде қара нарға артар жүкті, Көңілім ауып отыр сізге тіпті. Өлең айт, тәуір сайлап, екі қалқа, Қасыңа құрбың келіп тізе бүкті.

Жанр: Қара өлең
Алдыңғы 23 / 145 бет Келесі

Анықтамалық

Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.

Мақалалар

Мақалалар, зерттеу нәтижелері

Dede Qorqud Epic Culture (Sample)

Short article sample inspired by UNESCO Dede Qorqud/Korkyt Ata page.

Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусы: ғылыми талдау және зерттеу мүмкіндіктері

Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.

Қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолдану

Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.

Жоба туралы мәлімет

Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды