Қара өлең
Кетеді құс бір жаққа, қыс бұл жаққа, Ауысып орындары тұрған жоқ па?! Құдайым онан берсе, мұнан қағар, Бақ пен сор болады егіз әр уақта.
Іздеу интерфейсі
Аннотация үдерісі, дәйексөз беру және көптілді оқу үшін жасалған зерттеу интерфейсі
Кетеді құс бір жаққа, қыс бұл жаққа, Ауысып орындары тұрған жоқ па?! Құдайым онан берсе, мұнан қағар, Бақ пен сор болады егіз әр уақта.
Құмға қазық бекімес қаққанменен, Итке қоңырау жараспас таққанменен. Өнер іздеп жігітке өзі келмес, От басында омалып жатқанменен.
Ой да көп, уайым да көп ойлай берсең, Ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең. Еркіңнен, елдігіңнен не қалады, Әркімнің айдауына қойдай көнсең.
Аяғыма кигенім орыс етік, Жабығыңнан түсейін торс етіп. Жайды білмес жаманға бір сөз айтсаң, Теріс қарар бұртиып қорс етіп.
Аяғыма кигенім былғары етік, Табанымнан барады ызғар өтіп. Жақсы болсаң, келерсің судан өтіп, Жаман болсаң, өлерсің суға кетіп.
Көкекті кім мақтайды әні бар деп, Мияны кім орады дәні бар деп. Болмайды қашыр тұлпар баптағанмен, Шошқаны кім сипайды жануар деп.
Сағыздың астығы жоқ шайнағанмен, Қу тілдің пайдасы жоқ сайрағанмен. Көнбейді жаман адам ынтымаққа, Жүрмейді шошқа жөнге айдағанмен.
Ұшады қыран бүркіт қыр айналып, Кетпейді түлкі көрсе, шыр айналып. Жамандық арқандаулы ат секілді, Қазығын таппай қоймас бір айналып.
Қара су, жақсы берсе, шайдан жақсы, Қара нан, жақсы берсе, майдан жақсы. Жаманға назыңды айтсаң, тоңқ етеді, Қараған қабағыңа қайран жақсы.
Төменгі түлкі қақтым шаң қамыстан, Созылып қара тазым жетті алыстан. Жақсының жүрген жері күнде қызық, Жаманнан өкпе мен тек кек қалысқан.
Сен маған арман болдың жырақтаған, Дос көріп енді кімге сыр ақтарам. Жапанда жалғыз бас боп қалған артық, Жаманға жар болғанша ұнатпаған.
Қалайы қанша жисаң, күміс болмас, Жақсылыққа жамандық қылған оңбас. Жаманға жазатайым бітсе дәулет, Шалқақтап ішпей-жемей болады мас.
Түбінде топтан жүйрік жеке шығар, Сөзіне кей жаманның ішің бығар. Әр сөзің сол тойда айтқан естен кетпей, Мен жүрмін лебізіңе болып құмар.
Жақсылар айтар сөзге жорғалаған, Жамандар жауап таппай қорғалаған. Жауабым сауалыңа сай келмесе, Жамағат болар еді қолдамаған.
Жамандық жасырынбас көмгенменен, Жақсылық жоқ бағасын ел бермеген. Жаман жақсы болмайды еш уақытта, Бос мақтап, жалған көңіл бөлгенменен.
Дос сыналар ең ұзақ жолдағы іспен, Қасқыр жолдас болмайды жолбарыспен. Жаман қанша кесапат жасаса да, Шарапаты жақсының болмақ үстем.
Жүйрік көп бәйгіге әлі қосылмаған, Сыр да көп астары әлі ашылмаған. Жақсының қайда жүрсе, жаттығы жоқ, Жақсыдан жақсы сырын жасырмаған.
Атақты Жәнібек хан бір күні аңда жүріп адасыпты. Бір тауға шыққан екен, бір бала қой жайып, ағаш түбінде сыбызғы тартып отыр екен. Сыбызғысының дауысы сондай әйбат көрінді. Хан баламенен сөйлескен еді, әлгі ештеме көрмей, қой ішінде өскен баланың ашық жүзі һәм түзу берген жауабы бек ұнасты ханға. – Кел, мұнда мынау бал...
Әз Жәнібек ханның бір бес уәзірі хан қолында бірнеше жыл жүріп ақылға да, білімге де өзін-өзі артық асқандығын сезіпті. Әрдайым ойлайтыны ой: «Ай! Осы ханның хандығы болмаса, менен ақылы кем-ау! Әз Жәнібектің хан болып отырғаны, түзу билік айтып халық алдында әділ би болып отырғаны да менің арқам-ау. Ертең мен өлсем, я...
Арғынның арғы атасы Дайырқожа Әбілхайыр ханның сүйікті қазысы екен. Ол кісі әрі әділ, әрі батыл адам болғандықтан, Ақжол атаныпты. Әбілхайырдың және сүйіктісі Қара қыпшақ Қобыланды батыр екен. Әбілхайырдың осы екі сүйікті адамы іштей жауласып, араз болып жүреді. Сондай шекісу үстінде айдалада Қобыланды батыр батырлығын...
Корпус метадерегінде қолданылатын атаулар мен баламаларды шолыңыз.
Мақалалар
Мақалалар, зерттеу нәтижелері
Бұл зерттеуде Шыңғыс Айтматов прозасындағы Жер-ана концептісінің семантикалық, мәдени және экологиялық категория ретінде қалыптасуы қарастырылады. Осы бағыттағы зерттеу олқылығын толықтыру мақсатында жұмыста жазушының төрт прозалық шығармасы талданады: «Плаха», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» және «Ғасырдан да ұзақ күн». Зерттеу барысында табиғат элементтері этикалық, эмоциялық немесе символдық мәнге ие болатын 37 үзіндіге сапалық концептуалды-семантикалық талдау жүргізілді. Үзінділерді іріктеу мәтіндерді мұқият оқу негізінде жүзеге асырылып, олар қайталанып отыратын лексикалық, метафоралық, баяндау сипатындағы және мәдени тұрғыдан мәнді белгілеріне қарай топтастырылды. Талдау нәтижесінде өзара байланысты төрт концептуалды модель анықталды: Жер-ана — өмір бастауы, аналық қамқоршы, моральдық бедел иесі және жады сақтаушы. Бұл модельдер Айтматов прозасындағы табиғаттың жай ғана оқиға өрбитін орта немесе поэтикалық бейне емес екенін көрсетеді. Керісінше, табиғат адам жауапкершілігі, мәдени сабақтастық, экологиялық осалдық және моральдық бағалау мәселелері көрініс табатын этикалық негіз қызметін атқарады. Зерттеу нәтижелері Айтматовтың көркемдік дүниетанымындағы Жер-ана концептісінің құрылымды концептуалды модель ретінде қызмет ететінін айқындау арқылы лингвомәдениеттану мен әдеби экокритика салаларына үлес қосады.
Гуманитарлық саланы цифрландыруды көздейтін мемлекетіміздің негізгі бағдарына сәйкес соңғы жылдары мәтіндік базалар құруға деген талпыныс артуда. Бұл шын мәнінде әлемдік маңызы бар қазіргі тенденциялар қатарында танылады. Корпустық ізденістердің, атап айтқанда, табиғи тілді модельдеу, тілдік алгоритмдер түзу, мәтін өңдеудің қазіргі лингвистиканың басым бағытына айналуы шынайы қажеттіліктерден туындап отыр. Бұл мақалада «Қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпусын әзірлеудің мәтінді ғылыми талдау және зерттеуге беретін мүмкіндіктері қарастырылады. Жұмыстың негізгі бағыттары мәтіндерді жинақтау, цифрлық ортаға енгізу, морфологиялық және семантикалық таңбалау, конкорданс құру және тілдік бірліктерді статистикалық талдау әдістерін қамтиды. Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ фольклорын жаңа деңгейде зерделеуге, оның мәтіндік құрылымын заманауи әдіснама арқылы талдауға жол ашатын лингвистикалық корпус базасын қалыптастырудың теориялық негіздемесін ұсынып, тілдің бай қабаттарын ғылыми айналымға енгізуді көздеуінде. Негізгі нәтижелер ретінде қазақ фольклорлық мәтіндерінің корпустық моделі екшеліп, тілдік деректерді кешенді талдау мүмкіндіктері көрсетіледі. Бұл жұмыс корпус лингвистикасының теориясы мен практикасын ұлттық фольклорға бейімдеу арқылы қазақ тіл білімінде жаңа зерттеу кеңістігін ашады. Жүргізілген зерттеу фольклор мәтіндерінің тілдік табиғатын жан-жақты сипаттап, қазақ фольклортану ғылымына әдіснамалық үлес қосады.
Мақалада қазақ тілін құндылық бағдарлы оқытуда корпус деректерін қолданудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Құндылыққа бағдарланған білім беру тұлғаның рухани-адамгершілік, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталатыны көрсетіледі. Зерттеуде қазақ тілінің ұлттық корпусы, А. Байтұрсынұлының қазақша-орысша параллель корпусы және фольклорлық мәтіндер корпусының материалдары негізінде ұлттық құндылықтарды білдіретін тілдік бірліктердің жиілігі мен қолданыс ерекшеліктері талданды. «Ар», «намыс», «сабыр», «мейірім», «жомарттық» сияқты концептілердің мәнмәтіндік сипаты KWIC әдісі арқылы анықталды. Нәтижесінде корпус деректеріне сүйене отырып, құндылықтық мазмұнды іріктеудің және оны оқу үдерісіне енгізудің үш сатылы моделі ұсынылды. Зерттеу корпусқа негізделген оқытудың қазақ тілін меңгертумен қатар білім алушылардың мәдени-аксиологиялық дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді // «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми- практикалық конференциясы материалдарының жинағы. 2 томдық., 2-том. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2025..17-21 бб.
Бұл корпус қазақтың фолклорлық мұрасын цифрлық ортада сақтау, зерттеу және оқыту мақсатында құрылды